Коронавирус • 06 Сәуір, 2020

Әлемдегі ахуалға шолу: Испанияда өлім саны төртінші күн қатарынан азайып келеді

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл топтамада әлемнің 183 елінде тараған Covid-19 вирусына қатысты соңғы жаңалықтарды жариялап отырамыз.

6 сәуірде Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 1 274 923 өлім саны - 69 479, айыққандар саны - 260 247 адам болды (жаңартылған уақыты 09:32).

16:10

Испанияда өлім саны төртінші күн қатарынан азайып келеді

Испанияда бір тәуліктегі өлім саны төртінші күн қатарынан төмен көрсеткіш көрсетті. Бұл елдегі өршіп тұрған індеттің қарқыны бәсеңдегенін көрсеткендей. 

Дүйсенбі күні 637 адам қайтыс болған. Бұл - 24 наурыздан бергі ең төменгі көрсеткіш. Елде жалпы 13 055 адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша Испанияда 135 032 адам вирус жұқтырған.

Елде зардап шеккендердің арасында 10 дәрігер, медбике және көмекші медбике бар. Барлығы 15 мыңнан астам медицина қызметкері вирус жұқтырған.

Олар індетпен күресте қолдан жасалған қорғаныс құралдарына жүгінуге мәжбүр болған.

в


15:09

Ресей Федерациясында бір тәулікте тағы 954 коронавирусты жұқтырған адам анықталды, 2 адам қайтыс болып, 51 адам аурудан айығып шықты.

Ресейдің 80 өңірінде коронавирусты жұқтырған 6 343 адам тіркелген. Жалпы кезеңде 47 өлім-жітім, 406 адамның емделіп шыққаны тіркелген. 


12:38

Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 390 адамға жетті

Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирусты жұқтырғандардың саны 390 адамға жетті. Бүгінгі жағдай бойынша республикада COVID-19 індетін жұқтырған тағы 48 адам анықталған. Жақында 5 адам ауруынан айығып шығып, оңалту орталықтарына жіберілді. Осылайша, емделіп, сауығып шыққандардың саны 30 адамға жетті.


11:30

Борис Джонсон ауруханаға жатқызылды

Борис Джонсон вирус анықталған 10 күннен бері үйінде емделіп жатты. Алайда індет белгілері қайтпаған соң, оны ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдаған. 

Ол үкіметтегі қызметін әрі қарай жалғастыра береді.

Ұлыбританияда барлығы 48 440 адам вирус жұқтырған, 4 943 адам қайтыс болған, 229 науқас сауыққан.


09:45

Қытай вирус көп тараған бестіктен шығып қалды

АҚШ пен Еуропа елдері індеттің ошағы болған Қытайды вирус жұқтырғандар санынан артта қалдырды. 

 АҚШ - 337 620 жағдай

 Испания - 131 646 жағдай

 Италия - 128 948 жағдай

 Германия - 100 123 жағдай

 Франция - 93 780 жағдай


09:41

Францияда 93 мың адам коронавирус инфекциясын жұқтырған

8 мыңнан астам адам ауруханалар мен қарттар үйлерінде қайтыс болды. Биылғы 4 сәуірде Францияның ауруханалары мен медициналық-әлеуметтік мекемелерінде 7 560 адамның көз жұмғаны хабарланды. Бір тәулік ішінде ауруханаларда 357 науқас қайтыс болды. 2020 жылғы 1 наурыздан бастап қарттар үйлерінде 2 189 адам көз жұмды.

Елде вирусты жұқтырғандар саны 93 780-ге жетті.


09:28

Германияда коронавирус жұқтырғандар 100 мыңнан асты

Бұл елде барлығы COVID-19 вирусын жұқтырған 100 123 адам анықталды. Жалпы өлім-жітім саны 1 584-ге жетті. Оның ішінде соңғы тәулікте қайтыс болғандар саны ‒ 106. Сонымен қатар, соңғы уақытта 2 300 науқас аурудан айықты. Сауығып шыққандардың жалпы саны ‒ 28 700 адам.


09:20

Гаитиде коронавирустан қайтыс болған алғашқы адам тіркелді

Аталған елде COVID-19 коронавирус инфекциясын жалпы 21 адам жұқтырған.


09:15

Түркияда коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 3 135 адам анықталды

Елде жалпы 27 069 адам вирусты жұқтырған. Соңғы тәулікте 73 адам қайтыс болды. Жалпы көз жұмғандардың саны — 574 адам. Сауығып шыққандар саны — 1 042.